Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 84-ші маусымы ашылды

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры кезекті демалыстан кейін 84-ші маусымын қалыптасқан дәстүр бойынша  М. Әуезовтің "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясымен ашты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Театр биылғы маусымның соңына дейін өз көрермендеріне бірнеше жаңа спектакль  тарту етеді. Қараша айында кіші залда белгілі түрік драматургы Түнжер Жуженоғлының «Көшкін» атты драмасы қойылады, ал жаңа жылға дейін  Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екен» атты ауқымы кең, тақырыбы өзекті пьесаны ұсынбақпыз. Сондай-ақ көрермен «Абай» қойылымын енді Абайдың 45 жас шамасындағы нағыз шығармашылығының биік кезінде, композитор қырынан көре алатын болады. Бұған дейін Абайды  көрермен    үлкен тұлға, философ, күрескер ретінде көріп келген болатын. Қазақстанның шалғай аудан-ауылдарында тұратын көрермендер, сондай-ақ көршілес мемлекеттер  біздің қойылымдарды мемлекеттік телеарналардан көре алатын болады. «Хабар» агенттігі жақында ғана  түсіріп алды», дейді  Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының  бас директоры  ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев.  

 Жазғы маусымда театр Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларында гастрольдік сапармен болып қайтты.  Қараша айында өнер ұжымы режиссер Қайрат Сүгірбековтің Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш Баян сұлу" трагедиясы бойынша қойылған "Махаббат дастаны" қойылымымен Кореяда өтетін халықаралық фестивальға қатыспақшы.

 Ал  қазан айындағы репертуарына түрлі жанрдағы 21 шығарма еніп отыр.