«Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемелді, келісті елге айналуына бізден, қазақтан артық кім мүдделі, айтыңдаршы?! Біз өзіміз ең алдымен мүдделіміз! Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімені ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттің арғы жағына құлақ асып, айтағына ілессек, әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанымызды аңдамай қалуымыз мүмкін, түптен келгенде мемлекетті құртқанымызды түсінбей де қалуымыз мүмкін», - деді өз сөзінде Елбасы.
Сонымен қатар, Президент ру мен тайпаға бөліну - бұл ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі болып саналатынын жеткізді. «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпайық. Алып дарақтың бұтақтары секілді күллі рулардың түбін қуа келгенде барлығы бір ғана ұлы тамырға, қазақ деген ұлтқа барып тірелмей ме?», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұл ретте Мемлекет басшысы қай шежірені алып қарасаң да ол қазақтың бірлігі мен тұтастығын әйгілейтінін жеткізді. «Барлығымыздың айтып жүрген батыр бабаларымыз: Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Әбілқайыр, Абылай - бұлар барша қазаққа ортақ және шежіре бұларға келіп тірелмейді. Шежірені ары қарай жүргізейік, сонда барып, түбімізде бәріміз ханымыз бір қазақтың баласы болып шығамыз. Сарыарқаны ел ортасы Астанаға орнатқанда да әр өңірдің жастары орталыққа жиналып, бір-бірімен қауышып, бір мемлекеттің, бір үйдің, бір ел мен бір ұлттың баласындай болайық деген үміт еді. Солай да бола береді деген үміттемін», - деді Н. Назарбаев.