«Әлемнің қозғаушы күштері әлсіздерді басып алуға кірісті, нәтижесінде бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыс болды. Яғни, адамдарды қыруға теориялық негіздер жасалды. Ең кедей қазақтың өзінде 50 бас қойы, 4-5 ірі қарасы болатын. Бұл Ресейден келген Голощекиннің көзімен қарағанда қазақ халқы қырылуы керек еді. 1992 жылғы комиссия құрамында Талас Өмірбек болды. Ол комиссия 1931-1932 жылдардағы ашаршылықтан 2 300 000 қазақ қырылғанын айтты. Сонда Тұрар Рысқұлов 1918-1919 жылы 1 214 000 адам қырылды десе, Мұхтар Әуезов 1921 жылғы ашаршылықта 1 700 000 қазақ қырылды деді. Екеуін қоссақ, 3 миллионға жуықтайды. Бұған 2 300 000-ды қоссақ, он шақты жыл ішінде 5 200 000 қазақтан айырылдық», - дейді Смағұл Елубай.
Оның айтуынша, заманауи тарихта тең жартысынан айырылған қазақтың трагедиясындай трагедия болған емес.
«Нақты дерекпен сөйлегенде жағдай осындай. Біз 10-15 жыл ішінде 5 200 000 қазақтан айырылдық. «Мұнша қазақ қайдан пайда болды?» деген сұрақ туындаса, қолымызда Орынбордағы тарих институтын басқарған Александр Чулошниковтың кітабы бар. Онда қазақтың саны революцияға дейін 8 миллион болғандығы туралы ақпарат бар», - дейді ол.
фото: brod.kz