*** Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аясында әрекет етіп келеді. Алда Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту міндеті қойылған. Қазіргі жаһандық деңгейдегі тұтынушылар үшін жаһандық күресте еліміз қаншалықты бәсекеге қабілетті деген сұрақ әрбір қазақстандықтың көкейінде жүргені анық. Осыны және өзге де сауалдарды қаперге ала отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерболат Мұқаевқа жолығып, бірқатар сұрақтарға тұшымды жауап алған. Басылым тілшісінің әр сауалына егжей-тегжейлі жауап берген депутат: «Отандық өнімдердің барлығы бәсекеге қабілетті деуден аулақпын, бірақ сұранысқа ие тауарларымыз да бар. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы қажеттігін Елбасы «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты өз Жолдауында айқын атап көрсетті. Қазір елімізде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдары жүргізілді. Сол бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өндеу өнеркәсібінің алты саласы таңдап алынған-ды. Олар: металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі. Бағдарламаның екінші кезеңінде оңтайландырылған 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламаға 230,2 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылға 102 миллиард теңге қарастырылса, 2016 жылға - 52 миллиард, ал 2017 жылға 45 миллиард теңге бөлінетін болады. Егер бірінші кезеңді қарастырып көрер болсақ, Елбасының өзі де атап кетті, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде бізде 400 жаңадан бұрын-соңды Қазақстанда болмаған өнімдер шығарылуда», - дейді. Сұхбат басылымның сенбілік санында «Сапалы өнімдер ғана бәсекеге лайық» деген тақырыппен берілген.
Елбасы Н.Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі бүгінде қоғамда кеңінен талқылануда. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында еліміздің бір топ азаматының ҚР Президентінің айтқан сөздеріне қатысты пікірлері жария етілген. Айталық, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертхана меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Тілеуовтің пікірінше, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде көрсетілген бес ауқымды ішкі міндет бәрімізге ортақ жоғары жауапкершілік жүктейді. «Қазақстан Орталық Азиядағы мықты мемлекетке айналды, әлем жұртшылығы мойындады. Кеше Елбасын ұлықтау рәсімінде Ресей мен АҚШ президенттері «бұл сіздің еңбегіңіздің жемісі» деп құттықтап жатыр. Бұрын біріне амалсыздан бодан болсақ, екінші алпауыт мемлекет қазақ жайлы естіген де жоқ еді ғой. Бүгінде қазақ баласының несібесі өзінде, дәулеті тасыды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жолы» адастырмас темірқазығымыз, Елбасымыз Қазақстанды тағы да биікке бастай берсін, біз сүйеу болайық», - дейді алтын алқа иегері Жәмила Жанысбаева. *** Өткен аптада Сауд Арабиясының Мәдина шаһарының әмірі, тақ мұрагері Фейсал Салман әл-Саудтың қолдауымен Халықаралық көрме болып өтті. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Қазақтың шапанына қатты қызықты» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, әлемнің 60-тан астам мемлекеті қатысқан айтулы шараға Сауд Арабиясында білім алып жатқан қазақстандық студенттер де қатысып, дархан халқымыздың даналығы мен даралығын паш етті. «Қазақ жастары тіккен үйге Мәдина қаласының әмірі Фейсал бин Салманның өзі бас сұғып, қазақ үйінің құрылысына таңданысын білдірді. Қазы-қартадан ауыз тиіп, қымыз ішкен қала әмірі қазақы шапанға да қатты қызығушылық танытқан. Тақ мұрагерінің иығына қазақ жастары шапан жауып, халқымызда сыйлы қонаққа ат мінгізіп, шапан жабатын қонақжай салты туралы да айтылды. Көрме аясында алыстан көз тартқан қазақ үйіне Мәдина қаласындағы Ислам университетінің ректоры Ибрахим әл-Убайд және Таиба университетінің ректоры, доктор Аднон әл-Мазру, Сауд Арабиясы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Абдулазиз әл-Фаузан және басқа да мемлекеттердің елшілері мен көптеген ғалымдар бас сұғып, қазақстандық жастардың дайындығын жоғары бағалап жатты»,- делінген мақалада. *** «Василий Жиров Стивен Сигалдың фильміне түспек», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Айта кетерлігі, бұған дейін «Қазақстан» телеарнасының студиясында елімізден шыққан тұңғыш орта ауыр салмақтағы кәсіби боксшы өзінің сүйіктісіне шаңырақ көтеруге ұсыныс жасаған болатын. Сонымен, қазіргі уақытта В.Жиров Голливуд актері Стивен Сигалды жеке жаттықтырады. Оның сөзіне қарағанда, Сигал қоян-қолтық ұрыс өнері жайында кезекті туындысын түсірмек әрі ондағы рөлдердің бірін Жировқа ұсынған. Боксшы да бұл ұсынысқа келісімін берген. Қазіргі уақытта фильмге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, даңқты жерлесіміз Лос-Анджелесте фитнес залын ашуды да жоспарлап отыр. *** «Krihsa.kz сайты арқылы сатылымға 90 мың пәтер мен 23,7 мың жеке тұрғын шығарылды», - деп жазады «Время» газеті «Мой дом - наша крепость» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның нақтылай түсуінше, сатылымға шығарылған жеке тұрғын үйлердің саны 21 пайызға өссе, бір ай ішінде жылжымайтын мүлкінен құтылуға тырысқан азаматтардың саны 13 пайызға өсе түскен.