Қазақтың танымал меценаты «ЭКСПО-2017» жалауын желбіретіп, жер шарын аралап шықпақ

None
АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстандық белгілі кәсіпкер, танымал меценат, саяхатшы-жиһанкез Сапар Ысқақов «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жалауын желбіретіп, кемемен Жер шарын айналып шықпақ. Кеше «Қобыз сарайы» концерт залында осы мәселеге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.

Жиналған журналистер алдында сая­хатшы-жиһанкез Сапар Ысқақов, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық универ­ситетінің кафедра мең­герушісі Ға­ділбек Шаяхметов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың Ком­муни­кация және маркетинг депар­та­ментінің директоры Әсел Қожа­қова және басқалар 2014 жылдың 10 қаңтарында Англияның Саут­гемптон айлағынан бастау алатын осы сапар туралы тілге тиек етті. Бұл шараға қатысатын саяхатшылар 20-дан астам елге барады. Жер шарын айналып өту сапары барысында Сапар Ысқақов халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, қазақ елін шетелдіктерге таныстырып, Астана қаласында 2017 жылы Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өтетіндігі туралы жарнама жасайды. Сапар Ысқақов бастаған экспедиция құрамында 4 адам, оның ішінде журналист пен оператор бар. Олар теңіз жолы арқылы «Queen Elizabeth-6» лайнерімен Жер шарын айналып шықпақ.
Белгілі кәсіпкер Сапар Ысқақовтың негізгі мамандығы - құрылысшы. Ол негізін қалаған жекеменшік «Тілеп» құрылыс компаниясы Астана қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын салуда айшықты қолтаңбасын қалдырған. Соңғы жылдары Сапар Ысқақовтың меценат ретінде атағы шыққан. 2013 жылы ол «Тілеп» атты қайырымдылық қорын құрып, мүгедек және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарға қамқорлық жасап келеді. Осындай игі істерінің нәтижесінде ол 3 жыл қатарынан еліміздің «Жыл адамы» атанды.
Сонымен бірге, Сапар Ысқақов көпшілікке кеңінен белгілі саяхатшы болып саналады. Әлемнің 6 құрлығын бағындырған жиһанкез Сапар Ысқақов 2007 жылы Оңтүстік полюстен шамамен 100 шақырым жерде орналасқан «Амундсен-Скотт» америкалық стансасында болып, онда Қазақстан мен «Нұр Отан» партиясының туларын орнатқан болатын. Ол - Жер шарының 6 құрлығының 100-ден астам елін аралап, Антарктида мен Арктикаға табаны тиген алғашқы қазақтың бірі, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық басылымы.