Сондықтан да режиссура аяғынан ақсауда, дейді ҚазАқпаратқа сұхбат берген өнертану ғылымының кандидаты, профессор Тұңғышбай әл-Тарази.
"Режиссер мамандығы әмбебап болуы керек. Бізде драматургияның барлық жанрларының сәнін келтіріп қоя алатын режиссер жоқ. Олар көбіне-көп драма мен кино өнеріне ойыса береді. Қазір эстрадаға кім көрінген режиссер боп жүр. Өздерін эстрада театры атап жүргендердің тірлігі бір күндік концерттік бағдарламалармен шектелуде. Халық арасында ән-жыр болған соң кеңпейілдік танытып қабылдап жүр. Бұл баяғы "Тамашаның" үлгісі. Сол үрдіс пен режиссуралық шешім әлі қайталануда", дейді Тұңғышбай әл-Тарази. Өнертанушы ғалымның айтуынша, театрда 5-6 минуттық әрбір интермедияның өз режиссері болуы керек. Сатираның жанры, ұғымы бөлек. Оған мән бермегендіктен көрермен қазір бәрін бірдей бір театр, бір жанр деп қабылдап жүр. "Театрға тәрбиеші болудың керегі жоқ. Театр - мектеп емес, тәрбие беретін не уағыз айтатын жер де емес. Ол эстетикалық талғамды биіктететін орын. Бұл бөлекше әлем. Театр - қоғамның, адамның ақыл-ойы мен пиғылының және талғамынан жарты қадам болса да алда жүруі керек. Бұл ондағы барлық шығармашылық иелерінің өз рөлін жетік меңгеруіне байланысты", дейді ҚР халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази. Оның сөзіне қарағанда, қазір режиссерлар кейде актерді менсінбейді. Ал олар теңдей суреткер және одақтастық болған жерде ғана үлкен туынды туады. Сондықтан театрда да, кинода да қазақ режиссурасы өзінің қолтаңбасын әлі толық таныта қойған жоқ.