Қазақтың тойы туралы әзілге толы бейнебаян шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры қазақтың тойында түсірілген бейнероликті жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ролик авторлары қазақтың тойы туралы әзіл клип түсірген. Роликте жас жұбайлар тек жақындарын ғана тойға шақыруды өтінсе, ата-анасы еліміздің түкпір-түкпірінен ағайындарын шақырып жатқаны сәті берілген. Бейнебаянға елімізге танымал адамдар түскен. Олар: саясаткер Ғани Қасымов, әнші Қайрат Нұртас, Ninety One тобы мен әзіл-сықақ актерлері қатысқан.

Бейнероликте шынайы өмірдегі оқиғаларды қалжыңға сүйей отырып көрсеткен. Мысалы, тойға шақырылған уақытында барған шет елдіктер мейрамханаға әлі ешкім келмегенін көреді.

Ролик соңында тойдың бас кейіпкері жиі бас қосып тұру керек деген ой түйінін жеткізеді.

«Біз ежелден тойқұмар елміз, осыншама ұлан-асыр той жасаудың неге қажет болғанын енді түсіндім. Бізге ел болып, әулет болып жиі бас қосып тұру қажет екен. Иә, біз осындаймыз, бұл ғажап қой. Қысқасын айтқанда, мұның бәрі маған ұнайды. Бақытты бол, Қазақ Елі», - дейді сөзді түйіндеген күйеу бала.