Қазақтың тұңғыш кәсіби кинооператоры Ескендір Тынышбаевқа ? 100 жыл
11:43, 10 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 10-ы. ҚазАқпарат /Жәзира Жаңабаева/ - Қазақстанның халық әртісі Ескендір Тынышбаевтың туғанына кеше, мамырдың 9-ы күні 100 жыл толды.
Осынау атаулы күнге орай ертең, мамырдың 11-і күні Алматыда Кино үйінде Қазақстанның мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен шығармашылық кеш өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ескендір Тынышбаев үлкен ғалым, қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржолшы-инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың отбасында дүниеге келген. Е.Тынышбаевтың шығармашылығында Қазақстан туралы бірқатар көркемдік ойын және деректі фильмдер, мыңдаған фотожәдігерлер бар. Ол кинооператордан бастап авторлық фильмдердің режиссеріне дейінгі жолды жүріп өтті, қазақ киносында бірінші болып трюкті түсірілімдер жасады. Оны қазақ киносы мен телевидениесінің ақсақалы деп атайды, себебі ол Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Кененбай Қожабеков, Ораз Әбішев сынды қазақ киносының басқа да майталмандарымен бірге ұлттық кинематографты қалыптастыруға және дамытуға белсенді атсалысқан. Ол сондай-ақ өзі ұзақ жыл бойы бас оператор болған «Қазақтелефильм» студиясын құрудың басында тұрды. Ол «Советский Казахстан» киножурналы үшін 10 мыңнан астам сюжеттер түсірді. Оның үздік жұмыстары ? «Біз Жетісуданбыз», «Оның уақыты келеді» фильмдері - Қазақстан киноөнерінің Алтын қорына енген. Педагог және тәлімгер ретінде кинотүсірушілердің айтулы шоқжұлдызын тәрбиеледі, олардың қатарында В. Белялов, Ю.Литвяков, Е.Ахметов, Ғ.Шалабаев, М.Ибраев, А.Шорабаев, Б.Нүсіпбеков және т.б. бар. Айтулы тұлғаның мерейтойына байланысты Қазақстанның Кинематографистер одағы қазақ киносының қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер, кинооператор Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаевтың 100 жылдығына орай пошта маркасын шығаруды ұсынып, сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп Алматыдағы Кино және телевидение техника-экономикалық академиясына оның атын беру туралы бастама көтеріп отыр.