Қазақтың тұңғыш мультипликаторы Әмен Қайдаров көз жұмды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тоқсан екі жасқа қараған шағында қазақтың тұңғыш мультипликаторы, «Қарлығаштық құйрығы неге айыр?» мультфильмінің авторы, көрнекті режиссер Әмен Қайдаров көз жұмды. Бұл ақпаратты «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі растады.

Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң "Қазақстан әйелдері", "Ара" журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. 1958-1965 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеді.

Ол - Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты мультипликациялық фильм жасалды. Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлде алды. Сондай-ақ, Қайдаров "Құйыршық", "Жанар", "Күн сәулесінен пайда болған көжек" атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Қайдаровқа "Ақсақ құлан", "Қожанасыр - құрылысшы", "Қырық өтірік" сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлық берілді. "Құрмет Белгісі", "Парасат" ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Баспасөз қызметінде, белгілі режиссерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең өтетінін хабарлады.