Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы жеңіске жеткен сәтін еске алды

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Танымал баскетболшы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов және ресейлік «Движение вверх» блокбастерінде оның рөлін сомдаған Александр Ряполов Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігіне қонақ болды, деп хабарлайды 'ҚазАқпарат' ХАА Мәскеудегі меншікті тілшісі.



Әлжан Жармұхамедов қазақстандық студенттерге, қазақстандық және шетелдік дипломаттарға кәсіби жолдағы өз тарихын және 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиададағы КСРО баскетбол құрамасының жеңісі туралы айтып берді.

«Фильм қызықты әрі әсерлі шығыпты. Мені өзіне баурап алды. Бұл кадрлерге қараған сайын жастық шағымды еске аламын. Фильмді алғаш көргенде қобалжып, қан қысымым көтеріліп, әдетте елу рет соғатын тамырымның соғу жиілігі жүзге жетті», - деп өз әсерімен бөлісті картина кейіпкерлерінің бірі Әлжан Жармұхамедов.



Көркем фильм болғандықтан, Ә.Жармұхамедовтің айтуынша, шығармашылық топ ойдан шығарылған сәттерді де қосуға хақылы еді.



«Картина авторлары матчтағы драматизмді бере алды, ойын қалай жүрді, психологиялық тұрғыда қандай күрделі болғанын көрсетті. Әсіресе соңғы үш секунд, төрешілер үстеліндегі жанталас. Сол сәтте экранда да, залда да көрермендер сілтідей тынады, доптың шығырыққа түсуін күтеді. Фильмді әр қараған сайын валерьянка ішуге тура келді», - дейді Ә. Жармұхамедов.