Қазақтың жаны - қандастың қамы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше ресми Ақорда ұлт болашағы үшін аса маңызды шешім қабылдады. Бұл шешім турасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Көші-қон заңына бірқатар өзгеріс­тер­дің енгізілгенін жеткізу арқылы мәлім етті.

Онда біріншіден, қандастарымыздың аза­мат­тық алу, орналасу және әлеуметтік жеңіл­дік­терге қол жеткізу мәселесі қайтадан қарас­ты­рылған. Бұрынғы ереже бойынша қан­­­дас­тарымызға тек белгіленген аймақтарға ға­на көшіп келген жағдайда оралман мәртебесі бе­рілетін еді. Енді шеттен келген ағайын­дардың қай облысты таңдауы өз еркінде және олар­дың барлығына бірдей оралман мәртебесі беріледі. Екіншіден, жақында өзгеріске ұшыраған заң­нама бойынша белгіленген аймақтардан өзге өңірлерге қоныстанбақ болған қандас­тарымыз шетел азаматтарымен ұқсас төлем қабілетін растауы қажет еді. Жаңа мақұлданған шешімге байланысты қандас-

та­ры­мызға ешқандай төлем қабілеті жөнінде дәлел­деменің қажеті жоқ. Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар төрт жыл бойы уақытша тұ­рып жатқан тұлға ретінде қаралса, содан ке­йін­гі үш жылдың ішінде азаматтық алу мүмкіндігін алатын. Бұның барлығы қазір бір жылға дейін қарастырылды. Сонымен қатар, министр ханым қандастарымыз ішкі көші-қон саясатына байланысты тиісті мекемелердің бағыттаған мамандар тапшы аймақтарға қарай баратын болса, әлеуметтік жағына барынша қолдау көрсетіле­ті­нін жеткізді. Тамара Босымбекқызының айтуынша, қандастарымыздың жолға кеткен шығыны өтеліп, олар жалдамалы тұрғын үй бағдар­ла­ма­сына қатыса алады. Сол арқылы жалға алған үйді олар бес жылдың ішінде өздерінің меншігіне аударуға мүмкіндік алмақ. Ең бастысы, алдыңғы заңымызда шетелден келген қандастарымыз оралман мәртебесiн алып, 7 жылдан кейiн ғана мемлекеттiң азаматтығына ие болса, қазiр қай­тып келгеннен кейiн 1 жылдың iшiнде азамат оралман мәртебесiн алады, содан кейiн 1 жылдан соң азаматтыққа қол жеткізе алады. Есте­ріңіз­ге сала кетсек, бұған дейін де оралман­дар­дың азаматтық алу мерзімі қоғамда қызу тал­қыланды. Билік баспалдақтарына дейін жетті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин шеттен келген қан­дастарымыздың азаматтық алу, қоныс­тану, тұрғын-үй мәселесі жайында жоғары палатада бірнеше мәрте алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенатор қандас­тарға қатысты жанайқайын жекелеген министрлермен де талқылаған. Бұл жөнінде электронды ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде, интернет-порталдарда сан рет айтылды. Еңбек министрінің күні кешегі мәлім­демесі шын мәнінде қоғамдағы басты түйткілге нүкте қойғандай болды.

Г.СЫДЫҚОВА