Айдос Ербосынұлы бірден өз қарсыласын қыспаққа алды. Ауыр джебтері діттеген жеріне жетіп, қарсыласын есеңгіретіп отырды. Ал бірінші минуттан кейін аргентиналық боксшы нокдаунға түсіп қалды. Дегенмен, қайта тұрып, жекпе-жекті жалғастыруға келісті. Айдос болса, бірден ауыр соққыларын жаудыра бастады. Сөйтіп, өз қарсыласын тағы сұлатып тастады. Джонатан тұрды. Алайда көп ұзамай, оның бапкері шаршы алаңға сүлгі тастап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
«Жекпе-жекке дейін жарақаттарым болған. Дегенмен, жеңіске жете білдік. Барлығына алғысымды айтамын. Алдағы уақытта әлем чемпионы болуға тырысамыз», - дейді Айдос Ербосынұлы.
Бүгінгі бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам (24-0, 19КО) канадалық Брэндон Кукке (18-0, 11КО) қарсы шығады. Олар бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқасының чемпиондық атақтарын сарапқа салады.
Бокс кешін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. 20:00-де «Qazaqstan» ұлттық арнасы да тікелей эфирге шығады. Бұдан бөлек, Fite.tv интернет арнасы, сондай-ақ TVtibi мен Flipps арқылы тікелей репортаждар жүрігізеді.
Алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңді.
Ал «Нью-Йорктың үздік полицейі» Димаш Ниязов елірген қарсыласын сабасына түсірді.