Қазалы ауданындағы «сақалды» көпір құрылысы қашан аяқталады

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2022 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей автомобиль жолының 16-шақырымындағы Қарлаң учаскесінде темір бетонды көпір құрылысы басталған болатын.

Бірақ мердігердің жауапсыздығынан құрылыс орта жолдан тоқтап қалды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Kazinform тілшісіне ұзаққа созылған жұмыстың қашан аяқталатынын айтып берді. 

- Мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттемелерін толық орындамағасын сот процестері өтіп, келісімшарт біржақты бұзылды. Қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңді. Өткен жылы сәуір айында көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме жұмысты бастады. Бүгінде көпірдің кіреберіс жолын салып, Сырдария өзеніндегі суды уақытша бөгеу арқылы бетон тіреулерді құйып жатыр, - деді ол. 

Көпір құрылысын жалғастыруға былтыр 758,4 млн теңге бөлінсе, жобалық- сметалық құжат қаржысы қайта есептеліп, жоба құны кейін 6,3 млрд теңгеге артты. 

Аудан әкімінің айтуынша, көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. 

Айта кетейік, облыстағы жергілікті маңызы бар жолдарда автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларын орнату бағытында ауқымды жұмыс қолға алынды