Қазалыда республикалық ат бәйгесі қорытындыланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Қазалы ауданының Ақтан батыр ауылында Ақтан батыр Ақайұлының 255 жылдық мерейтойы аясында республикалық ат бәйгесі өтті. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бәйге тай жарысы, құнан бәйге, ошақ бәйге және аламан бәйгені қамтыды. Дода басталмас бұрын ел ағалары мен ардагерлер сөз сөйледі, атбегілерге ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі.
— Алғашқы сайыс — тай жарысы. 6 шақырымдық қашықтықта 32 жүйріктің тұяғы дүбірледі. Бұл сыннан Жамбыл облысының шабандозы Дамирдің Зымыран атты торы тайы топ жарды. Екінші орынды Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылынан келген Нұржан Шөмекейдің Карамель атты күрең-қасқасы иеленсе, үшінші орын Бекарыстан би ауылының шабандозы Нұрболаттың Ұлытау атты жүйрігіне бұйырды. Келесі кезекте құнан бәйге ұйымдастырылып, 12 шақырымдық төрт айналымда 18 құнан бақ сынады. Додада Жамбыл облысынан келген Мирас тізгіндеген Лафиза жүйрігі алдына жан салған жоқ. Созақ ауданынан Мейір шабандоздың Алтынқасқа атты торы аты екінші болып жетсе, Қызылорда қаласынан келген Нұртастың Пономеро атты тұлпары үшінші орынға ілікті, — делінген хабарламада.
21 шақырымға созылған ошақ бәйгедегі 7 айналымда 16 тұлпар бақ сынады. Нәтижесінде Қазалы ауданының намысын қорғаған Нұрым шабандоздың Бақторы атты тұлпары алдына қара салмай мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын да осы ауданның өкілі Абылайдың Секрет атты жүйрігіне бұйырды. Ал үшінші орынды Тұмар атты тұлпарымен Ерасыл шабандоз иеленді.
Ал ат бәйгесі қорытындыланған аламанда Алматы облысының Әмір есімді шабандозы Мажор деген жүйрігімен бірінші орынды жеңіп алды. Одан кейінгі екі орынды аралдық Рауан тізгіндеген Қозыкүрең мен жамбылдық Дамирдің Талмас есімді торы аты өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар табысталды.
Бұған дейін Жеңістің 80 жылдығына орай Қызылорда облысының Арал ауданында аудан әкімдігінің жүлдесі үшін облыстық ат бәйгесі өтті.