Қазалы ауданы су жүйелерін қалпына келтіруге биыл 106 млн. теңге қаржы қарастырды - Қызылорда облысы
Өткен жылы осы жұмыстарды атқаруға мұнда 52,7 млн. теңге бөлінгенін еске алсақ, биылғы қадамның қаншалықты қуатты екенін байқау қиын емес.
Аудан әкімі Айтбай Көшербайдың баяндауынша, бұдан бөлек аймақта балық шаруашылығын дамыту ісіне облыстық бюджеттен 34 млн. теңге бөлініпті. Оған Қуаңдария бойындағы Ердес бөгетіне тоспа салынуда. Ол іске қосылған сәтте айналадығы бірнеше көлдер жүйесі сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге Сайқұдық, Нартай арнасы тазаланып, ескі су жолдарындағы бөгеттер қайта қалпына келтіріледі.
Аудан басшысы «Сырдария өзені арнасын реттеу мен Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының ІІ кезеңінде аудан көлеміндегі көлдердің жүйесінің реттелетініне үміт артып отырғанын да жасырмады. Мәселен, Өтебас каналының сағасына гидротехникалық құрылыс салу қажет болса, ал келесі кезекте Сағыр су тоспасын күрделі жөндеуден өткізу керек.
Жалпы, Қазалы ауданында 3759706 гектар алқап санатқа алынған. Оның ішінде ауылшаруашылық жер көлемі 1657494 гектарды құрайды. Бұл орайда кейбір жерлердің сор болуы себепті және суару жүйесінің бұзылуы салдарынан пайдалануға келмейтін алқаптар да бар.