Қазалы халқы Президент Жолдауын зор ықыласпен тыңдады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауын қазалылық жұртшылық зор ықыласпен тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазалы ауданындағы мектеп, балабақша, аурухана секілді мекемелерде теледидар қойылып, еңбек ұжымдары түгел Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын тамашалады. Сондай-ақ, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев та тұрғындармен бірге тыңдады.

«Расында, біз Елбасының жыл сайынғы Жолдауын асыға күтеміз. Өйткені, одан жағымды жаңалықтар күтеміз, көкейдегі күрмеуі қиын мәселенің шешімін табамыз. ҚР Президентінің биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту міндеттеріне арналды. Тарихи маңызы зор құжатта елдің бірлігін нығайтатын, әлеуетін арттыратын жұмыстарды жүйелі жолға қоюдың қадамдары, әр саланың, кәсіби маманның жауапкершілігін ширата түсетін тетіктер анық көрсетілгені көптің көкейіне қонды», - дейді аудан тұрғыны Нұрлан Бозғұлов.

Сонымен қатар, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев та ел Президенті бұл жолғы Жолдауында ең өзекті, қоғамдағы маңызы зор мәселелерді қозғағанын айтып өтті.

«Елбасымыздың биылғы Жолдауы біздің бағыт-бағдарымызға айналуы тиіс. Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндіру мақсатында аудан және ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларды ақпараттандыру қажет», - деді аудан басшысы.