?Қазалы? сервистік дайындау орталығы іске кірісті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - «Оңтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен құрылған «Қазалы» сервистік-дайындау орталығы бірден қызу іске кірісіп кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазір сервистік орталық (СДО) аудан тұрғындарын көкөніс өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз етуді басты мақсат тұтып отыр. Осыған орай бүгіндері дайындау орталығынан 300 тонна көкөніс өнімдері әкелініп халыққа тиімді бағамен сатылуда. Биылғы жылы жергілікті «Жанкент» СТК-мен ұжымдаса күріш, бақша өнімдерін егу межеленді. Техникалар алуға 92,0 млн теңге қаржы қаралды. Жанар май, тыңайтқыш, тұқым әкелуге 33 млн. теңге бөлінбекші. Мұның көптеген жанұяларды жұмыспен қамтып, тұрғындардың тұрмыс-ахуалының оңалуына септігін тигізері мәлім. Биылғы жылы сондай-ақ сиымдылығы 1000 тонналық заманауи үлгідегі қойма салынбақшы. Аудан көлеміндегі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын алдағы егіске қажетті жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым, техникалармен жабдықтау жоспарлануда. Осылайша шаруа қожалықтарымен етене байланыс орнатылмақшы. Кәсіпкерлік бөлімі арқылы шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру межеленуде. «Қазалы» сервистік-дайындау орталығының жұмысын өрістету күн тәртібінен түспейді. Жергілікті жерден көкөніс, бақша, ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру, мал өнімдерін (ет, сүт, тері, жүн) ұқсатуды ұйымдастырылмақшы.-Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын секторларды күшейтудің маңызы зор. «Оңтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, ауқымды кеңейту қажет. «Бақыт» шаруа қожалығы балық аулап, өңдеп, өнімдерді Ресейге, Украинаға жіберілмекші. Ауданымыздағы басқа да шаруа қожалықтары, серіктестіктер ауылшаруашылығы дақылдарын өңдеуге талпыныс жасаған жөн, - дейді аудан әкімі Айтбай Көшербаев. «Қазалы» сервистік- дайындау орталығы серіктестігінің директоры Жүсіпбек Дәкібаевтің айтуынша, келешекте ауылшаруашылығы өнімдерін қабылдап, шағын шаруа қожалықтарына техникалық қызмет көрсетіледі. Орталық жанынан МТС ашып, сұранысқа сәйкес шағын қожалықтарға жанар-жағармай, тыңайтқыш жеткізу, лизингілік тәсілмен кіші кредит беру де ойда бар. Биыл 500 бас түйе, 500 жылқы алуға жоспар жасалынды. 200 гектар күріш егуге инвестиция салынбақшы. Өндірілген өнімді сыртқа шығарып, жұртшылыққа керекті өнімдер әкелінбек. Басты мүдде жеке сектор мен мемлекеттік меншікті ұштастыру.