Қазалыда ақтөбелікке қарақшылық шабуыл жасаған 3 жігіт ұсталды
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ақтөбелік азаматқа қарақшылық шабуыл жасаған Байқоңыр қаласының 3 тұрғыны көп ұзамай қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде орын алған. Аудан орталығындағы автобекетте белгісіз біреулер ақтөбелік тұрғыннан 2 954 000 Ресей рублін, екі ұялы телефоны бар сөмкесін тартып алған. Содан кейін белгісіз автокөлікке мініп оқиға орнынан бой тасалаған.
Хабарламаға сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде «Ваз-21014» маркалы автокөлігімен қашып бара жатқан Байқоңыр қаласының 3 тұрғыны қолға түсті. Тексеру барысында олардан айғақ зат ретінде ақша, телефондар алынды. Күдіктілер 23-25 жас аралығындағы жігіттер болып шықты.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабының 4-бөлігінің 2 -тармағымен (аса ірі мөлшерде тонау)сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, сот шешімімен олардың мүлкi тәркiленеді. Сондай-ақ, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.