Қазалыда кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып келеді - Қызылорда облысы (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазалы ауданындағы өнеркәсіп саласының дамуына кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі мол.

9 айда шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнімнің көлемі 306,2 млн. теңгеге (2953 млн. теңге), бөлшек сауда 273 млн. теңгеге (3542 млн. теңге), шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 299 бірлікке (3911), онда жұмыс істейтіндер саны 322 адамға (8545 адам) артты. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауданда өндірілетін негізгі өнім түрлеріне келсек: «Рза» АҚ-ның сүт, ет, нан және күріш өнімдері. Өткен 9 айда 3430 тонна сүт, 90 тонна ет, 2389 тонна нан, 3266 тонна күріш өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сүт 257 тоннаға, нан 207 тоннаға, күріш 1516 тоннаға артық. «Рза» АҚ-ның өнімдері облыстың Арал, Қармақшы аудандарына және Қызылорда, Байқоңыр қалаларына, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал облыстарына сатылуда.Онда 335 адам жұмыспен қамтылған.

«СПК Қызылорда балық» ЖСШ-нен 9 айда 298 тонна өңделген балық өнімдері Ресей, Азербайжан, Дания, Германия, Австрия елдеріне экспортталды. Онда 45 адам жұмыспен қамтылған.

«Сыр маржаны» ЖШС-нің күріш өнімдерінен 9 айда 3119 тонна күріш өңделіп, өткен жылмен салыстырғанда 209 тоннаға артық болды. Күріш өнімдері ішкі нарыққа және ТМД елдеріне сатылуда. 144 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Жеке кәсіпкер Н.Қазбергеновтің кәмпит цехы өнімдері. Қазіргі таңда кәмпиттің 4 түрінен тәулігіне 500 кг өнім шығарылуда. 9 айда 90 тонна өнім шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда 30 тоннаға артық. Бүгінгі күнге аудан көлемінен тыс Арал, Қармақшы, Жалағаш аудандарына және Қызылорда қаласы мен Ақтөбе облысына сатылып отыр. Алдағы уақытта тәуліктік қуаттылықты 1 тоннаға дейін көбейтуге жұмыс жүргізіліп жатыр. 17 адам жұмыспен қамтылған.

Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы басталғалы ауданда 15 жоба толық іске қосылып, 188 жаңа жұмыс орны ашылды.

Биылғы жылы жалпы құны 11,0 млн.теңге құрайтын 1 жоба оң қорытынды алса, алдағы уақытта 219,0 млн.теңгені құрайтын 3 жобаны аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсыну жоспарлануда. Олар: құс фермасы, балық өнімдерін өңдеу, қара қағаз шығару жобалары.

Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 5 жоба қолдау тапты. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы ЖШС-нен 10 жоба қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, ауданда «Өндірістік аймақ» және «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобалары іске асырылуда.