ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында көпқабатты үйде болған өрттен бес жастағы ұл бала көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 13 маусым күні сағат 18.39-да Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерде болды. Пәтердегі киімдер мен жиһаздардың өртенуінен жалын 16 шаршы метр аумаққа жайылған.
«Өрт салдарынан бөлме ішіне тараған көмірқышқыл газынан бес жастағы ұл бала көз жұмды. Төтенше жағдайлар саласы мамандарының күшімен көпқабатты үйден сегіз адам құтқарылды. Оның ішінде екеуі бала. Сондай-ақ, оқиға орнынан сыйымдылығы 50 литрлік екі газ баллоны сыртқа шығарылды. Өрт сағат 19.10-да толықтай сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Иллюстрациялық фото
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.