ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде көше бойында шөп тиелген «ГАЗель» көлігі толығымен жанып кетті. Қызыл жалынның әсері жақын орналасқан тұрғын үйге әсер еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 23 қыркүйекте сағат 11:10-да болған. Көлік Әйтеке би кентіндегі Жетес би көшесінің бойында өртенген.
«Оқиға орнына №9 өрт сөндіру бөлімшесінен бір техника мен 4 қызметкер барды. Мамандар оқиға орнына барғанда жүк көлігі толығымен жанып жатқанын анықтады. Сол аумаққа жақын орналасқан тұрғын үйдің бірінің шатырына өрт тиген. Терезесі балқып, әйнектері сынған. Өрт толығымен сөндірілді», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, Қызылорда облысындағы ауылда екі күн қатарынан қоралар өртенді .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.