Қазалыда термешілер мен күйшілер бақ сынасты

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Жалаңтөс Баһадүрдің 440 жылдық мерейтойы қарсаңында «Домбыра-думан» атты тақырыпта аймақтық термешілер мен күйшілер байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аудандық әкімдікке сілтеме жасап.


Мәдени шараны Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Абай ауылдық клубы ұйымдастырды.

 Байқауды Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Дидаров Әнес құттықтау сөзімен ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түрікпенәлі Алпамыс шараның мәні мен мағынасына тоқталды.
 

Қай халықта болмасын өзінің атадан балаға жеткен, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық дәстүрлі өнері болады. Осындай киелі өнеріміздің бірі - қасиетті қара домбыраның рухын асқақтатқан термешілер мен күйшілер сайысқа түсті. Додаға Қармақшы, Арал, Қазалы ауданынан талапкерлер қатыстырылып, тартысты өтті. Әрбір қатысушы талапкерлер сайыста оқ бойы озып шығуға тырысты.

Арнайы бекітілген қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, аудандық оқушылар үйінің директоры, күйші Әуез Арман, аудандық әуез мектебінің оқытушысы, күйші-термеші Бисенбаева Сандуғаш, аудандық оқушылар үйінің домбыра үйірмесінің жетекшісі Тәңірбергенов Мәди болып, талапкерлердің өнерін сарапқа салды.
 

Бірінші бөлімде термешілер Тұрмағанбет, Балқы базар, Нұртуған, Қарасақал Ерімбеттің жыр-термелерін  орындаса, екінші бөлімде күйшілер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерін күмбірлетіп, жиналған халықты бір серпілтіп тастады.

Нәтижесінде терме жанры бойынша бас жүлдені Арал ауданынан қатысқан Өмірзақ Ғанибет жеңіп алса, бірінші орынды қазалылық Балмағанбетов Олжабай, екінші орынды аралдық Жәрменова Жаңылсын, үшінші орынды қармақшылық баймұратов Болат иеленді.

Күй жанры бойынша бас жүлдені аудандық әуез мектебінің оқытушысы Серімбетов Нариман, бірінші орынды Әйтеке би кенттік клубының домбыра үйірмесінің жетекшісі Махамбетали Асылбек, екінші орынды Басықара ауылдық клубының домбыра үйірмесінің жетекшісі Қосуақов Ақылбек, үшінші орынды аудандық мәдениет Орталығының қызметкері Өмірзақ Балқыз иеленді.