ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының 83 жастағы тұрғыны Аққоян Ырсалиев Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық турнирде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық жарыста түркиялықтармен бірге Франция, Германия және Қазақстаннан жасы сексеннен асқан спортшылар қатысты. Жүгіруді жастайынан жанына серік еткен қазалылық қария мыңнан астам желаяқтың арасында алтын медальді ұтып алды.
Теміржол саласының ардагері Аққоян Ырсалиев жастайынан салауатты өмір салтын ұстанады. Оқушы кезінде бокспен айналысқан. Азаматтық борышын әуе-десант әскері қатарында өтеген ол парашютпен 281 рет секірген.
Бүгінде қария ардагерлер арасында өтетін дойбы, шахмат, нысана көздеу, жүгіру жарыстарында жүлделі орындар алып жүр. Сондай-ақ, күн сайын таңертең жүгіріп, жаттығу жасайды. 2011 жылдан бері Алматы марафонына қатысып жүр. 2015 жылы аталмыш жарыста алтын медаль алды.
Сергектікті серік еткен қария күн сайын кемінде 10 шақырым жүгіреді. Ал жарысқа барар алдында 30 шақырымды бағындырады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.