ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында келіспеушілік болып, соңы бұзақылыққа ұласқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада жасөспірімдердің түнгі уақытта көше бойында бұзақылық әрекет жасағаны көрсетілген. Бұл бойынша облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме берді.
«Оқиғаның аудан орталығы – Әйтеке би кентінде болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына дер кезінде полиция қызметкерлерінің наряды барды. Полицияға 4 адам жеткізіліп, оларға қатысты ішкі істер органдарына келу туралы міндеттеме алынды. Ауруханаға дене жарақатымен түскендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталады», - деп мәлім етті департаменттен.
Еске салсақ, өткен жылы тамыз айында Қармақшы ауданында жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.