ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде 39 жастағы жергілікті тұрғынды 7 адам ұрып-соғып, оның көлігіне елеулі зиян келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға кешкісін болған. Бір топ бұзақы көлікпен келе жатқан 39 жастағы азаматты тоқтатып, оны ұрып-соғып кеткен. Көлік терезесін сындырған.
Тәртіп сақшылары жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде аталған дерек бойынша 7 күдікті анықталды. Олар 21-27 жас аралығында.
«Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бұдан бұрын Қызылордада кәсіпкерге шабуыл жасаған 6 адам қолға түскенін хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.