ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде базарда шыққан өрт 2 мыңнан астам шаршы метр аумақты шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өрт бүгін «Ер-Нұр» базары аумағында орналасқан «Нұр» асханасында басталған. Жалын одан кейін асханаға жақын аумақтағы «Орынай», «Ақбота», «Арзан» сауда үйлері мен шаруашылық заттарын сататын «Баянсұлу» және екі азық-түлік дүкенін шарпыды.
«Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 33 маманы 3 техникамен барды. Сондай-ақ өзге де сала мамандары келді. Жарақат алған және қаза болғандар жоқ. Өрттің шығуына басты себеп ретінде электр жүйесінің қысқа тұйықталуы қарастылып отыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова.
Бұдан бұрын Қызылордада «Бақша Сарай» дәмханасы өртенді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.