Қазалылықтар Бекарыстан бидің 250 және Ақтан батырдың 245 жылдығын өткізбек
21:55, 29 Қыркүйек 2015
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі қарсаңында Бекарыстан би Амалдықұлының 250 және Ақтан батыр Ақайұлының 245 жылдығын өткізуді қолға алған қазалылықтар бүгін мерейтойды бабалар ауылынан бастады.
Алдымен аудан әкімі Нәжмәдин Шамұратов бастаған топ кенттегі «Жанқожа батыр» кесенесінде болып, бабалар рухына құран бағыштады. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтар Ақтан батыр мен Бекарыстан би ауылдарына жол тартып, бабалар ауылындағы шараларға қатысты.
Батыр мен би атын иемденген ауылдарда биылғы жылы біршама жұмыстар атқарылды. Ақтан батыр ауылының кіреберіс қақпасы мен батыр атындағы кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ, Бекарыстан би ауылындағы Тәуелсіздік алаңында орналасқан бидің ескерткіші биіктетіліп, мәрмәр таспен қапталып, жаңаланды.