Іссапар барысында Қазалы ауданы әкімдігі мен Қазақстандық тауарларды көтерме сауда орталығында өткізетін «Kaz-Food» компаниясының бас директоры А.Рапиев арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге «Скайленд-94» жабық акционерлік қоғамының бас директоры Б.Гараевпен де қазалылық өнімдерді өткізу жөнінде келісімге келді.
Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов Ақтөбе қаласына іссапармен барды. Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған форумда ақтөбелік аудан әкімдері мен кәсіпкерлер Қазалы өнімдерін сатып алуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, өз өнімдерін де Қазалы ауданының сатылымына қою жөнінде ұсыныстарын айтты. Жиын соңында Ақтөбе облысының 8 ауданының әкімі мен Қазалы ауданы әкімінің арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Қазалы ауданы өнімдерінің көрмесінде «РЗА» АҚ-ның сүт, ет өнімдері, «Сыр маржаны», «Есхожаев» ЖШС-нің күріш өнімдері, «Бейімбет» кооперативінің консервіленген жеміс-жидек өнімдері ақтөбеліктер назарына ұсынылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылуда. Аудан басшылығы тарапынан бұл кооперативтерге бақшалық жерді қоршау, жерді өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілетін болады.
Ал жаңадан құрылатын ауылшаруашылығы саласы өндірістік кооперативі осы кәсіпкерлерден бау-бақша өнімдерін тиімді бағада сатып алып, Ресей Федерациясы мен Ақтөбе облысына экспорттайтын болады. Бұл ретте бау-бақша өнімдерін шаруашылық негізде егу мақсатында аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.