Қазан айында 3 өңірде жауын-шашын нормадан көп түседі – АШМ

Фото: Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

Синоптиктер қазан айында еліміздің 3 облысында жауын-шашын мөлшерінің нормадан жоғары болатынын болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК мәліметтеріне сәйкес, қыркүйектің үшінші онкүндігінде жалпы республика бойынша жаңбыр жауады деп күтілуде. Бұл ретте солтүстікте астық егетін негізгі аудандарда ауа температурасы түнде +2+7°С-тан +15+23°С-қа дейін ауытқиды, онкүндіктің басында және соңында топырақ бетінде 1°-қа дейін үсік байқалады, күндіз ауа температурасы +10+16°-тан +20+25°С-қа дейін көтеріледі», – делінген Ауыл шаруашылығы вице-министр Әбілхайыр Тамабектің Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.

Вице-министрдің атап өтуінше, Қазгидрометтің мәліметі бойынша 2023 жылғы қазанда қыркүйек айымен салыстырғанда орташа айлық температура 8-10°С, оңтүстік өңірлерде 5-8°С-қа түседі.

«Қазан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты жағдайда, Қызылорда, Ұлытау облыстарының басым бөлігінде, Түркістан облысының солтүстік-батысында нормадан төмен, Батыс Қазақстан облысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында нормадан жоғары болады деп болжануда», – деді Ә.Тамабек.