Қазан айында Қытай экономикасының қарқыны баяулады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазан айында Қытайда өнеркәсіпке қосылған құн өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 4,8 пайыз, ал бөлшек сауданың көлемі 0,4 пайыз өсті. Екі көрсеткіш те болжанған межеден төмен. Қытайдың Ұлттық статистика бюросы айлық көрсеткішкің ауытқуына объективті әрі жан-жақты баға беруге шақырып, жылдық межелі мақсаттарға қол жеткізуге әлі де мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Коллаж: Kazinform / Canva

Қытайдың Ұлттық статистика бюросы 16 қарашада жариялаған мәліметке сәйкес, қазан айында елдегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қосылған құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға, ал алдыңғы аймен салыстырғанда 0,21 пайызға өскен, алайда қыркүйек айындағы көрсеткіштен (5,5%) әлдеқайда төмен. 

Таратып айтсақ, қосылған құн көлемі тау-кен өндірісінде 0,7 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 5,4 пайызға, электр қуаты, жылу, газ және сумен жабдықтау саласында 4,4 пайыз, жабықтар өндіру өнеркәсібінде 10,6 пайыз, жоғары технологиялық өндіріс саласында 17,6 пайыз өскен. Бұл көрсеткіштер ірі өнеркәсіпке қосылған құнның жалпы өсімінен тиісінше 5,8 және 12,8 пайыздық тармаққа жоғары.

Тұтыну деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер де назар аударады. Қоғамдық тұтыну тауарларының бөлшек сауда көлемі қазан айында өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 0,4% пайыз ғана өскен. Бұл қыркүйектегі тиісті көрсеткіштен (1,1 пайыз) де, экономистер болжаған межеден (0,8 пайыз) де төмен.

Инвестиция туралы айтар болсақ, биылғы қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1% пайыз қысқарды. Ал экономистердің болжауы бойынша әрі кетсе 7 пайыз қысқаруға тиіс еді.

Жылжымайтын мүлік нарығына салынған инвестицияны есептемегенде, негізгі капиталға салынған инвестиция 5,1 пайыз азайды. Салалар бойынша қарастырар болсақ, салынған инвестицияның көлемі инфрақұрылым саласында 5,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібіне 2,9 пайыз, жылжымайтын мүлік нарығында 21,6 пайыз қысқарды. Қазан айында аграрлық саладағы шаруашылық субъектілерін есепке алмағанда, негізгі капиталға салған инвестиция қыркүйек айымен салыстырғанда 2,93 пайыз төмендеді.

Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, бұл деректер Бейжің экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында қыркүйек айының соңына қарай бірқатар шараларды қолданысқа енгізгенмен, Қытай экономикасының өсімі онан сайын баяулап, даму перспективасы күңгірт тарта түскенін көрсетеді. Билік өткен айда ипотекалық несие бойынша субсидиялар беру және мемлекеттік қарыздың лимитін көтеру сияқты бірқатар «жұмсақ саясаттар» қабылдап, инвестицияны жандандыруға бағытталған шараларды жеделдеткен болатын.

Басылымның дерегінше, жаһандық жасанды интеллект саласына құйылып жатқан инвестициялардың тұрақтылығына қатысты күдік-күмәннің күшеюіне байланысты Қытай экономикасының осы салаға тәуелділігі қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін. Жасанды интеллект саласына бағытталған инвестициялық ағын Қытайдың электрондық өнімдері мен басқа да дайын өнімдеріне деген сұранысқа серпін берген еді. Алайда экспорттың баяулауы салдарынан ішкі тұтыну мен инвестицияға түсетін қысым онан сайын ұлғаюы мүмкін.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы Ван Гуаньхуа дүйсенбі күні өткен баспасөз маслихатында қазан айындағы жекелеген көрсеткіштердің өсімінің төмендеуіне объективті әрі жан-жақты баға беру қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, төртінші тоқсанда Қытай экономикасының тұрақты даму үрдісі өзгермеген, сұраныс пен ұсынысқа байланысты көрсеткіштер де салыстырмалы түрде орнықты болған.

Сонымен қатар ресми өкіл экономиканың дамуына негіз болатын факторларға арнайы тоқталып, ескі және жаңа өсу драйверлері алмасып жатқан өлара кезеңде дәстүрлі салалардың бірқатарында түрлену мен реттелу үдерісі жүріп жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге оның айтуынша Қытайда жаңа индустриялар, жаңа өндірістік форматтар мен жаңа бизнес-модельдер қарқынды дамып келеді. Ескі және жаңа экономикалық драйверлердің алмасуы мен түрленуі — қазіргі Қытай экономикасының ең айқын ерекшеліктерінің бірі.

Ван Гуаньхуа Қытай экономикасының дамуы бірқатар қиындық пен сын-қатерге тап болып отырғанын да жасырмады. Орын тепкен мәселелерді шешу үшін нақты әрі мақсатты шаралар қабылдауға тура келеді. Оның айтуынша, макроэкономикалық саясаттардың өзара үйлесімді түрде іске асырылып, өз нәтижесін бере бастауына байланысты Қытай экономикасы жаңару, сапалану және жақсару бағытын жалғастыра алады. Ол жылдық межелі мақсаттарға қол жеткізуге қажетті негіз де, мүмкіндік те бар екенін атап өтті.