Қазан айында баламалы энергия көздері бойынша жобаларға ауқымды аукцион өткізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі баламалы энергия көздері бойынша жобаларға осы жылдың қазан айында ауқымды аукцион өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергетика министрлігі осы жылдан бастап энергияның баламалы көздерінің жаңа жобалары бойынша жаңа жүйе енгізді. Ол - аукцион жүйесі. Осы жылдың мамыр айында қуаттылығы аз саналатын 10-20 мегаВаттқа дейінгі аукциондардың алғашқы раунды сәтті өтті. 10 жобаның 8-і қолдау тапты. Тиісінше, ендігі кезекте бұл жобалар жүзеге асырылғалы жатыр. Аукцион жылына екі рет өткізілетін болады. Екінші раунд осы жылдың қазанында өткізіледі. Қуаттылығы 50-100 мегаВатт болатын аукционда баға тұрғысынан ең төменгі ұсынысты беретін компания жеңіске жетеді. Сондай-ақ КОРЕМ алаңында электронды түрде тағы 10 ашық конкурс өткізіледі», - дейді Халықаралық жасыл технологиялар орталығы» КЕАҚ төрағасының орынбасары, «Қазақстанның жаңартылған энергетикасы» қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков.

Оның айтуынша, конкурстарға кез келген адам қатыса алады.

«ЭКСПО кезінде қазақстандық және шетелдіктерді қосқанда 100-ге тарта технология таныстырылды. Қазіргі таңда Үкімет оларды ұлттық компаниялар мен әкімдіктер арқылы енгізіп жатыр. Кейбір технологиялар қазірдің өзінде қолданысқа енгізіліп жатқанымен, олардың пилоты мен толыққанды қосылуы үшін қаржы мен ресурс керектігін ескеру керек», - дейді ол.

Арман Қашқынбековтың сөзіне сүйенсек, елімізде энергияның баламалы көздерін жаппай қолданысқа енгізуде өзіндік кедергілері де бар.

«Өкінішке қарай, оларды кең ауқымда қолдануға келгенде атқарылар шаруалар баршылық. Себебі, энергияның баламалы көздерін шетелдік қаржы институттары қаражатпен жеткілікті дәрежеде қолдайды. Яғни, олардың өздерінің осыған дейін сенімін ақтаған тасымалдаушылары бар. Ал сол үздік тасымалдаушылардың қатарына ену үшін өте ауқымды жұмыстарды атқару керек. Біз ЭКСПО бастап берген жасыл экономиканы дамыту тұрғысында жұмысымызды жалғастыра береміз. Баламалы энергия көздерінің тек үздіктері Қазақстандағы қажеттілікке байланысты белсенді түрде қолданылуы керек», - дейді сарапшы.