«Коронавирустың таралу қаупінің алдын алу үшін бірқатар шараларды қолға аламыз. Коронавирустың жаңа толқыны бола қалған жағдайда еліміз бойынша 70 000 орын қарастыруға дайынбыз, оның 51 мыңы стационарларда Covid-19-ға арналған орындар. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар шаралар қабылданды. Covid-19-ға арналған дәрі-дәрмектерді 2 айға артығымен алып қойдық, ол аймақтарға таратылып қойды. Оның құны 11,4 миллиард теңге. Барлық аймақта ең қажетті деген дәрі-дәрмектер үшін 13 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі ұлғайды. Covid-19-ға арналған тағы 5 дәрі қосылды», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, коронавирусты үйде емдеу үшін 1 миллион науқасқа арналған тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.
«Сондай-ақ, 2,2 миллион теңгеге тұмауға қарсы вакцина сатып алынды. Вакцина егу 15 қыркүйектен басталды. Қазіргі уақытқа дейін 1 миллионға жуық адамға екпе жасалды. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 өкпені жасанды желдететін аппарат бар. Қосымша 2 619 дана осындай аппарат сатып алынады, оның ішінде 1 500 аппарат отандық өнім. 21 мың орын оттегімен қамтамасыз етілді, қазан айының соңына дейін қосымша 9 000-нан астам орын оттегімен қамтамасыз етіледі. Аудандық ауруханаларға елімізде шығарылған қосымша 53 рентген аппараты алынады. Жедел жәрдем қызметі 1 167 дана санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі 100-ге жуық жылжымалы медициналық кешенді сатып алумен жүзеге асырылады. Ол аудандарға қазан айының ортасына дейін жеткізіледі», - дейді ол.