Кредит нарығында екінші деңгейлі банктердің экономиканы кредиттеуі көбінесе жеке тұлғалар кредиті есебінен ұлғайып, 21 481 млрд теңге болды. Кредиттердің негізгі үлесі екінші деңгейлі банктерден алынған. Жеке тұлғаларды кредиттеу 2,4% артты. Жеке тұлғалар арасында тұтынушылық несиелер сұранысқа ие болған – 7 302,1 млрд теңге.
Сонымен бірге қазанда баспана жалдау ақысының айтарлықтай көтерілуі және «7-20-25» бағдарламасында қаражаттың белсенді игерілуі аясында ипотекалық кредиттеудің өсу қарқыны жоғарылап, 4 443,3 млрд теңгеге жеткен.
Жылдық мәнде заңды тұлғалардың несие алуы артқан. Мәселен, қыркүйекте 9,1% болса, қазанда 11,4% құрады. Бұл ретте ақпандағы ең жоғарғы көрсеткішпен (15,6%) салыстырғанда жылдық өсу қарқыны баяулаған.
Сонымен қатар ақпан-наурыздағы ең жоғары көтерілуден кейін теңгенің айырбастау бағамының нығаюы валюталық қайта бағалау есебінен заңды тұлғалардың кредиттік портфелінің статистикалық төмендеуіне әкелді. Заңды тұлғалардың кредиттік портфелінің айлық өсуі 0,8% дейін баяулады.
Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 19 723,7 млрд теңгеге дейін а/а 2% ұлғайды. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттер 6 352,1 млрд теңгеге дейін 1,1%, жеке тұлғаларға берілген кредиттер – 13 371,6 млрд теңгеге дейін 2,4% артқан. Шетел валютасындағы кредит көлемі 1 757,3 млрд теңгеге жеткен.
Жеке тұлғаларға валюталық қарыздар 2022 жылғы ақпаннан 24,2% азайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу қазанда 4 280,7 млрд теңгеге дейін 1,2% ұлғайған.
Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы қазанның соңында 91,8% болған (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%).
Сондай-ақ қазан айында ұзақ мерзімді қарыздармен салыстырғанда қысқа мерзімді кредиттердің артуы жалғасты. Қысқа мерзімді кредит беру 3%, ұзақ мерзімді кредиттер 1,6% ұлғайған.