Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.
Мәліметтерге қарағанда, аталған бензин негізінен Ресейден, Қытайдан, Әзербайжан мен Беларусь Республикасынан импортталмақ. Бұл ретте Ресейдің бір өзінен импортталатын бензин мөлшері 69 мың тоннаны құрайды. «Ресеймен арадағы әңгімелердің нәтижесінде көршілес елдер келісімшартты орындауға келіскен сыңай танытты. Мәселен, қыркүйек айында біз Ресейден 35 мың тоннаға жуық АИ-92 маркасындағы бензин импорттадық. Ал қазан айында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Ресейден АИ92/93 маркалы бензиннің 69 мың тоннасын импорттау көзделіп отыр», - дейді Энергетика министрі.
Сонымен қатар, Владимир Школьник қазіргі уақытта Қазақстандағы жанар-жағар май нарығы қалыпты екенін жеткізді. «Қысқа қарай көлік қозғалысы шамалы шектеледі, жағдай біршама тынышталады деп ойлаймыз. Дегенмен, біз қазір бұл нарыққа қатысушылардың барлық «ойыншыларын» тексеруді қолға алдық. Өйткені, бензинге қатысты дүрбелең туғанда нарыққа қатысушылар да жауапты болуы керек. Мұның бәрі түсінікті. Қазір жағдай қалыпты», - дейді министр.