Қазан мен қараша әдеттегіден жылырақ болады — ауа райы болжамы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қазан айы әдеттегіден жылы болады. Қарашада ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен тағы да жоғары болуы мүмкін. Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте алдағы ауа райы болжамын айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Ауа райы болжамына сәйкес, қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғарылайды. Ал Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында нормаға жуық болады деп күтіледі, — деді Экология министрі.

Қазан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық болмақ. Елдің қиыр батысы мен солтүстік-батысында (Батыс Қазақстан облысында, Атырау, Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында) нормадан асады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың жазық бөлігінде, еліміздің орталық облыстарының оңтүстігінде және Абай облысының оңтүстігінде нормадан азырақ жауын-шашын күтіліп отыр.

— Қараша айы жылы болады деп күтіледі. Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде — Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде нормадан жоғары болады деп күтіледі, — деді Ә. Қуантыров.

Толығырақ болжамдарды Қазгидромет аптасына екі рет, дүйсенбі және сәрсенбі күндері, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Үкімет аппаратына ұсынады. Болжам бір аптаға, облыстар мен күндер бойынша нақтыланып беріледі.

Бұған дейін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев еліміздің қай өңірлерінде жылыту маусымы басталатынын айтқан еді.