«Қазанат» ипподромында өтетін BaiQymyz-2026 фестиваліне қалай жетуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 11-12 шілде күндері қымыздан дәм тату, концерттер, ұлттық ойындар, көрмелер мен этномәдени іс-шаралардың басын қосқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Фестиваль өтетін орынға тұрғындар мен қала қонақтарының ыңғайлы әрі жылдам жетуі үшін қоғамдық көлікпен қатынауы, сондай-ақ мүмкіндігінше жеке автокөлікпен келмегені жөн.

Осыған байланысты 7-13 шілде аралығында № 18, № 37 және № 303 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді. Бұл кезеңде автобустар фестиваль өтетін «Қазанат» ипподромына дейін қатынайды. Ал фестиваль өтетін 11 және 12 шілде күндері аталған бағыттар ұзартылған режимде жұмыс істеп, автобустар сағат 23:00–ге дейін қатынайды.

Фото: Астана әкімдігі

Еске салайық, BaiQymyz-2026 фестивалі 11-12 шілдеде «Қазанат» ипподромында өтеді. Бағдарлама аясында қымыздың сан түрінен дәм тату, «Үздік қымыз» халықаралық байқауы, жылқының ұлттық тұқымдары көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер, ұлттық және заманауи спорт түрлерінен жарыстар, сондай-ақ басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұдан бұрын Астана күніне орай Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі еліміздің бас қаласы туралы 20 қызықты деректі ұсынды.