Қазанның «Ақ барысы» құрлықтық хоккей лигасының чемпионы және Гагарин кубогының иегері атанды

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Татарстан астанасы Қазанның «Ақ барыс» клубы құрлықтық хоккей лигасының чемпионы және Гагарин кубогының иегері атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеше финалдағы шешуші, жетінші ойында «Ақ барыс» Ярославльдің «Локомотив» клубын 1:0 есебімен жеңді. Сөйтіп финалдағы жеті кездесудің төртеуінде қарсыласынан басым түскен қазандықтар хоккейден 2009 жылғы Ресей чемпионы атанды және тұңғыш рет сарапқа салынған Гагарин кубогының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, құрлықтық хоккей лигасында бұл маусымда алғаш рет Астананың «Барыс» клубы да сынға түскен-ді. Елордалықтар «плей-офф» кезеңіне шығып, ширек финалда осы Қазанның «Ақ барысына» есе жіберіп, маусымды аяқтаған болатын.