Қызылорда облысының мемлекеттік архиві Арал аудандық филалының бұрынғы басшысы, тарихшы, өлкетанушы Болатбек Қуатов Аралдағы босқындар лагерін тереңірек зерттеген. Ол «Правда» газетінің 1930 жылғы 11 қаңтардағы бас мақаласында: «Кулакты тап ретінде жою мәселесі теориялық қаулылар аясынан партияның осы кездегі «практикалық жұмыс» аясына көшірілді» деп жазылғанын келтірді.
- БК(б)П ОК Саяси бюросының шешімімен құрамында Голощекин бастаған 21 адам бар комиссия құрылды. Комиссия кулактарды тәркілеу жөнінде бірқатар нақты іс-шара әзірледі. ОГПУ-дың 1930 жылғы 2 ақпандағы бұйрығына сәйкес бастапқыда республиканың адам аз қоныстанған аудандарына 5 мың бала-шағалы отбасыны айдау көзделді. Бірақ өлкелік органдар осынша адамды орналастыруға дайын болмай шықты. БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің 1930 жылғы 18 ақпандағы жиналыс хаттамасында Волленберг 2 мың бай-кулактың жанұясын екі аптада Арал теңізі жағалауына қоныс аудару және орналастыру маршрутын дайындауға міндеттелді. Үйін тастап, үдере көшкен халықтың саны көбеймес үшін астығы жоқ ауылдарға, колхоздар мен ТОЗ-дарға азық-түлік жәрдемі жеткізілген. Оларды үй-жаймен қамтитын Арал ауданында құрылыс материалдары жоқтың қасы. Жергілікті халық оның орнына қамыс, саз балшық пайдаланып келді. Мыңдаған қоныс аударушыға арнап барактар салуға ағаш, шеге, тағы басқа қажет болды. Бірақ қажет қаражатты алу үшін Мәскеудің рұқсатынсыз несие бөлінбейтін. Бұл істердің барлығына ОГПУ, яғни Біріккен мемлекеттік саяси басқарма қызметкерлері араласып отырды, - деді Болатбек Қуатов.
Тарихшы өткен ғасырдың 30-жылдары Арал ауданына қанша отбасы көшкенін білу үшін архив ақтарған.
- Ірі байларды тап ретінде жойып, 2 мың отбасын Арал теңізінің жағалауындағы елді мекендерге жіберу мақсатында 1930 жылғы 18 ақпан күні Алматы қаласында құпия отырыс өтті. Онда Голощекин мен Ягоданың аудандарда жаппай ұжымдастыру операцияларын жүргізіп, мүлкі тәркіленген байларды Арал теңізінің жағалауына орналастыру жөніндегі жеделхаты талқыланған. БК(б)П саяси бюросының 1930 жылғы 20 ақпандағы «Мешеу қалған ұлттық экономикалық аймақтардағы ұжымдастыру және бай-кулақтарға қарсы күрес» туралы №49 қаулысына жауап ретінде Қызылорда ОГПУ өлкелік бөлімінің аса құпия құжаттары ұсынылады. Соған сәйкес 20 ақпанда Көкаралда 4 мың адамға 20, 25 ақпанда 6 мың адамға 30 барак дайындалды. 25 ақпанға дейін Көкаралға апару үшін жергілікті тұрғындардан 300 киіз үй жалға алынып, оған 2,5-3 мыңдай адамды орналастыру көзделген. Барак үйлерге балалар мен қарттарды да жайғастыру жоспарланған. Осы іс-шараны жүргізгенде 12-13 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады. Барлық құрылыс шығыны мен қоныс аударғандарды орналастыру КазАРСО-ға жүктелген. Аудандық архив құжаттарынан балық кәсіпшілігіне ден қойған байлардың да тәркіленгенін көреміз. Балықшыларды осылайша аштыққа ұрындырғысы, балық аулаумен айналысатын халыққа тыйым салғысы келді. Аралға айдалғандар ауыр азапты тартты. Оларға теңізді өлкенің көбінесе табиғи-климаттық жағдайы, шөлейтті және жартылай шөлейтті климаты қатты әсер етті. Ұзақ жол жүруден түрлі ауру пайда болып, бала-шаға аштықтан азып, өлім-жітім көбейді, - деді тарихшы.
Кеңес одағының саясатына қарсы шыққандар негізінен аудан орталығынан 120-250 шақырым шалғай орналасқан ауылдарға жіберілген. Ол кезде тұрғындар Арал қаласына теңіз арқылы қатынаған.
- Көзкөргендердің естелігінен білетінім, олардың көбі балық шаруашылықтарында жұмыс істеген. Теңіздің байлығы олардың аштан қырылып қалмауына септігін тигізгені шындық. Бірақ көбі ауру-сырқауға тап болған. Барак жетіспеушілігі, санитарлық талаптың сақталмауы, тұщы су мәселесі қиындық тудырған. Тарихи кезеңдегі ахуалды тереңірек түсіну үшін санитарлық дәрігер Смайыловтың жазбасымен танысу керек. Онда 1930 жылдың 10 сәуіріне қарай Арал концлагерінде 6340 адам болғаны, олардың 30 казармаға орналастырылғаны жазылған. Казарманың тар болғаны сондай, түнде адамдар бір-бірімен тығылысып ұйықтайды екен. «Бұл іш сүзегі пайда болған кезде эпидемия мен жалпы аурудың тез дамуына әкеп соқтырады. Терезелердің ауданы кішкентай, іші қараңғы. Лагерьде монша жоқ, тұрғындар жуына алмайды. Тамақ та жеткіліксіз. Олар 250 грамм нанды тегін алады, ал ақшасы бар адамдар дүкеннен тұздалған балық сатып алады. Нәтижесінде лагерь халқы ішуге және тамақ дайындауға суды кем дегенде орташа тәуліктік тұтыну үшін пайдаланды. Бұл жан басына шаққанда 3 литрге тең. Демек, тұтқындар күніне шамамен 40 бөшке су алды. Бөшкелердің сыйымдылығы әртүрлі, 30-35 шелек. Одан қалды, су төгілетін, жолда жоғалатын жағдайлар бар. Әкелінген су мұзбен, қармен, оның еріген суымен толтырылды. Тіршілік нәрінің жеткізілуін кем дегенде екі есе арттыру, яғни концлагерьге күніне шамамен 80 бөшке су әкелу, сондай-ақ тамақтануды арттыру керек. Әсіресе, күн жылыған мезгілде асқазан-ішек ауруларынан балалар қатты зардап шегеді» делінген жазбаның мазмұнында. Жер аударылғандар өлкеге 1930-1932 жылдары көптеп келді. Кагановичтің Солтүстік Кавказға жазалау іссапарынан кейін ол жақтың аудандарынан Қазақстанға мыңдаған шаруашылық көшіп келді. Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қорындағы құжаттардан 3 мың кулак жанұясының Арал өңіріне көшіп келгенін көреміз, - деді Болатбек Қуатов.
«Арал ауданына экономикалық шолу» тақырыбындағы құжатта Арал ауданында 1932 жылы 55 335 адам тұрса, соның 11 954-і немесе 21%-ы әртүрлі ұлт өкілдері болғаны қамтылған. Оған дейін өзге ұлт өкілдерінің саны 2-3 мың шамасында екен.
- Арал ауданына күштеп қоныс аудару, тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын-сүргін кезіндегі негізсіз жазалау шаралары – жекелеген адамдар емес, жекелеген халықтар үшін қолданылған шара. Күштеп қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Депортациялық саясаттың қатал жағдайында Арал топырағына мылтықтың ұшымен көшіп келгендер тек жергілікті халықтың қолдауы арқасында жан сақтады. Олар өздері қиыншылықта өмір сүрсе де, басын қауіп-қатерге тіксе де, қолындағы соңғы нанын бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен халықтарға ең қиын сәтте баға жетпес көмек көрсетті. Кейбір жергілікті қазақ жанұялары оларды қарамағына алып, қамқорлық жасап отырды. Олардың ұрпағы кешегі 70-жылдарға дейін Аралда өмір сүрді, - деді ол.
Бұған дейін біз Қызылорда облысы Жалағаш ауданының аумағында Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай орналасқан Жент қалашығының құпиясына үңілуге тырыстық.