«Қазарнаулыэкспорт» делдал фирма құру арқылы импорт бағасын қолдан өсірген – вице-министр

Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Азамат Бейісбеков «Қазарнаулыэкспорттың» үстінен қозғалған іске пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: kaspex.kz

«Қазарнаулыэкспортқа» қатысты менде нақты ақпарат жоқ. Себебі тергеу мүддесіне байланысты ақпарат қорғалатынын білесіздер. Алайда сондай кемшіліктерге әкеп соққан шарттарды жоюға жыл басынан бері әрекет жасадық. Тоғызыншы желтоқсан күні мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру туралы Үкімет қаулысына енген өзгерістер күшіне енді. БАҚ-та тараған ақпарат бойынша, осы істің қозғалуына себепкер жайт — «Қазарнаулыэкспорт» пен жеткізуші арасында пайда болған жеке кәсіпорындар. Осы кәсіпорындарды болдырмас үшін Үкімет қаулысының аясында «Қазарнаулыэкспортқа» қазақстандық резиденттен сатып алуға тыйым салдық», — деді ол.

Оның сөзінше аталмыш кәсіпорын тек қана импортқа импортқа жұмыс істейді.

«Негізі заң бойынша оның құзыреті тек қана импортқа жатады. Көп жағдайда импортталатын өнімнің қымбаттауына мақсаты теріс бизнес өкілдерінің осы жақтан қосымша бір фирмалар ашып, солар арқылы жеткізуі себеп болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін „Қазарнаулыэкспорттың“ қазақстандық компаниялардан сатып алуына шектеу қойылды», — деді Азамат Бейісбеков.

Еске сала кетейік, таяуда 1 млрд теңге ұрлады деген күдікпен «Қазарнаулыэкспорт» басшылары ұсталған еді.