«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы топ-менеджерлерінің қамауға алынуына қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қаржы полициясының 1,3 млрд. теңгені жымқырды деген күдікпен «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-ның атқарушы директоры В.Шевелев пен оның орынбасары С.Әбдірәзақовты қамауға алу фактісі бойынша мәлімдеме жасады. Мәлімдеме компанияның ресми сайтында берілген.

«Қамауға алу кезінде Валерий Шевелев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ альтернативті энергия көздерін дамыту басқармасының бастығы болған. Серік Әбдірәзақов 2013 жылдың қазан айынан бастап «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС директорының қаржы бойынша орынбасары қызметінен босатылған», делінген хабарламада.

Компанияда атап өтілгендей, 2009 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасы құрылысы 2006 жылы басталған технологиялық күрделі әлеуметтік жобаны аяқтау таралы шешім қабылдайды. 2009 жылы жоба операторы болып «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС белгіленді. 2011 жылдан бастап В.Шевелев аталған жобаға жауапты болып тағайындалды.

2010 жылы жобаны толығымен аяқтау үшін «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС бекітілген сметалық құнға сәйкес, «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу бойынша келісім жасасады.

2012 жылдың қазан айы және 2013 жылдың шілде айы аралығында «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС келісімшарттарын жүйелі түрде бұзып келген.

«Осыған орай, 2013 жылдың шілде айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бастамасымен «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС қызметіне қолданыстағы заңға сәйкес тексеріс жүргізіп, мердігер кәсіпорынға қатысты тиесілі шаралар қолдану туралы арыз жазады», делінген хабарламада.

2013 жылдың желтоқсан айында «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС-мен келісім бұзылады, тергеу орындары келтірген шығын көлемін анықтайды.

Айта кетерлік жәйт, құрылыс-монтаж жұмыстары «Сырдария-жоба Құрылыс» ЖШС тарапынан банк кепілдігімен қамтамасыз етілген.