«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы оқушылар арасындағы «Ядролық қарусыз әлем» байқауының жеңімпаздарына «iPad» планшеттерін табыс етті

АЛМАТЫ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Астанада «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбымен өткен оқушылар шығармалары мен суреттерінің республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Оған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, Нагасаки қаласының мэрі Томихисо Тауэ, БҰҰ Резидент-үйлестірушісі - Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл қатынасты. Бұл шара кезінде жас қылқалам иелері ҚР Сыртқы істер министрлігінің Құрмет дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник байқау жеңімпаздарына «iPad» планшеттерін табыс етті.

Жалпы бұл байқауды ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігімен, «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының, Қазақстанның азаматтық альянсының, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қолдауымен ұйымдастырған еді. «Қазатомөнерксіп» ҰАК» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан хабпарламға қарағанда, 1-23 қыркүйек аралығында өткен бұл байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 420-дан астам жұмыс келіп түскен. Қазылар алқасы олардың арасынан «Үздік шығарма» аталымында Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Айнабұлақ аулындағы орта мектептің 9 «б» сыныбының оқушысы Ақмарал Манапованы жеңімпаз деп таныды. 2-3 орынды Алматы қаласындағы №32 мектептің 11 «в» сыныбының оқушысы Дінислам Бекқалиев пен Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл аулындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жайнар Назымқызы өзара бөлісті. Ал «Үздік сурет» аталымында 1-орынды Тараз қаласындағы №43 орта мектептің 2 сынып оқушысы Санжар Бегайдаров иеленді. 2-3 орындарға Қостанай облысы Жетіқара қаласындағы гимназияның 7 сынып оқушысы Жанат Темірханов пен Қарағанды қаласындағы мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы Мұхтар Серіков лайық деп табылды.