«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Венада жалға алған кеңсенің қызметі барысында 99 млн. теңгеден астам қаржы заңсыз жұмсалған

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының Венада 2003-2007 жылдары жалға алған кеңсенің қызметі барысында 99 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз жұмсалды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Нұржан Жолдасбеков мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Іс жүзінде аталған өкілдік жүктелген міндеттерді орындаған жоқ. Онда 2007 жылғы қыркүйек айына дейін қызмет істеп, басқарғандар «Қазатомөнеркәсіпке» қатысы жоқ адамдар», - деді ол.

Сондай-ақ Н. Жолдасбеков олар МАГАТЭ-мен өзара іс-қимыл бойынша алға қойылған мақсаттарды орындамағанын жеткізді.

«Сонымен бірге 100 пайыз мемлекеттік болғандықтан ұлттық атом компаниясы, яғни мемлекеттік қаржыдан жыл сайын аталған өкілдік қызметіне ауқымды қаржы аударып отырған», - деді ол.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2003 жылы М. Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» Австрияның Вена қаласында орналасқан МАГАТЭ-нің штаб-пәтерімен бірлескен жұмыс жүргізеді деген мақсатта кеңсе ғимаратын жалға алған. «Іс жүзінде оны басқа тұлғалар өз мақсатында пайдаланған», делінген онда.

«2003 жылдың шілдесі мен 2007 жылғы қыркүйегін қоса алғандағы аралықта бұл өкілдіктің қызметін қаржыландыруға заңсыз 99 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды»,- деді Н. Жолдасбеков.