"Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы ұлттық сапаның аса жоғарылығын дәлелдейтін нағыз брэндтің өзі – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 13-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі инфляция деңгейі 5,2 пайыз болды. Осы мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артты. Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларының даму динамикасын сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен ел экономикасының жыл басынан бергі жетістіктері мен проблемалары жөнінде «Ел экономикасының өсімі-8 пайыз» атты мақалда.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, кеше ғана елімізде өткен қазақстан-корей бизнес-форумында елдің индустриялық-инновациялық бағдарламасының дамуына тың серпін беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың айтуынша, бұған дейін Кореямен бірлесіп қолға алынған жобалар ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Мысалы Кореяның «Ssang Yong Motors Corporation» компаниясы Қазақстанда автомобильдер компаниясымен бірлесе отырып, рәсімделген келісімнің аясында жылдың соңына дейін 300 автокөлік шығармақ. Осыған дейін шығарылған 72 көлік арнайы сынақтан өтіп жатыр.

Келесі жылы мұндай көліктер саны 1 мыңға, ал арғы жылы 3 мыңға жеткізілмек. Бизнес-форум барысында көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Қазақстанның талабын қуана қабылдады» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген Сирек металдар және геология ғылымдарының докторы Бақытжан Ерболовтың айтуынша, "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы ұлттық сапаның аса жоғарылығын дәлелдейтін нағыз брэндтің өзі. «Қазір дүние жүзінің көптеген мемлекеттері ядролық энергия өндірісінің қыр-сырын білуге, меңгеруге құлшынып жатыр. Оларынан не шығатынын уақыт көрсетер. Ал бірақ күні бүгінге дейін ядролық энергияны пайдалануға дейінгі тізбекті толық игерген мемлекеттер дүниежүзінде санаулы-ақ. Олар жоғарыда айтқан біздің әріптестеріміз және біздің Қазақстан. Мінекей, осындай санаулы мемлекеттің бірі болу ұлттық сапаның нақты көрсеткіші емес пе?!», дейді ғалым. Бұл мәселе жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Астана саммиті - бейбіт даму бағытындағы ұлттық самғаудың кезекті сатысы» атты сұхбаттан мағлұмат аласыздар.

***

«Алматыда Алаш арыстарының атымен аталатын саябақ пен Ақындар аллеясын ашу идеясы арманға айналғалы қашан?! Осы ұсыныстарды қайта-қайта айтудан жалықпайтын қазақ басылымдары мен зиялы қауымнан жоғарыдағылар әбден мезі болған шығар...», деп жазады «Алаш айнасы» басылымының тілшілері. Олар таратқан мәліметтерге қарағанда, неге екені белгісіз, әйтеуір қазаққа қатысты дүниелерге қолдау көрсетуге келгенде ресми мекемелер сырғақтап кетеді. Есесіне өзгелердің жылт етпесін одан сайын жарқыратып ала кететін өзеурегіш қасиетіміз бар. Бұл жолы да үйреншікті әдет бойынша солай болды. Тарихи тұлғаларымыз бен ұлт тұлғаларын лайықты ұлықтай алмай жүргенімізде өткен аптада Жароков пен Өтепов көшелерінің қиылысындағы «Оңтүстік» саябағында әйгілі британдық «Битлз» тобының негезін қалаушы, әлемдік рок-жұлдыз Джон Ленон атында аллея ашылды. Бұл туралы «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Рок-жұлдызға аллея бұйырған Алматыда Алаш арыстарының саябағы қашан ашылады?» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылым еліміздің оңтүстік өңірінде орын алған келеңсіз жағдайға байланысты дабыл қағыпты. Басылым тілшілерінің хабарлауынша, елімізде ауыз-суға аямай ақша бөлініп жатқанымен айқай-шу әлі азаймай отыр. Ауылдық жерлерді бір мезгілде қамту қиын, ал 800 мыңнан астам халқы бар Шымкент пен облыс орталықтарын жақын аудандардағы шиеленіскен мәселенің шешімін таппай отырғанын қалай түсінуге болады?. Шымкенттің айналасындағы ауылдарда ауыз су проблемасы күрделі күйінде. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Ауыл таза су, «Таза су» ақша сұрайды» атты мақалада.