«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице президенті Р. Тұрсынбаев Канадада үйқамаққа алынды

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевты Канада билігі бақылауға алды.

 Қазір ол үй жағдайында қамауда отыр және ендігі жерде орналасқан жерін көрсетіп отыратын электронды бауды тағып жүруге мәжбүр. Сондай-ақ оны тәулік бойы бақылап отырады.

Еуразия бірінші арнасы  «Экспресс К» басылымына сілтеме жасап хабарлағандай, Рүстем Тұрсынбаев «Қазатомөнеркәсіптің» басына бұлт үйіріле бастаған шақта, 2009 жылы Канадаға көшіп кеткен болатын, ал компания президенті Мұхтар Жәкішев қызмет орнынан да, бас бостандығынан да айырылды. Бұрынғы вице-президентке мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын. Оған 20 миллион долларды қымқырды деген айып пен басқа да қылмыстар таңылды.

Канадада Тұрсынбаевтар отбасы 3,6 миллион доллар тұратын кең үйге жайғасқан. Сондай-ақ канадалық Шекара қызметі ерлі-зайыптыларға әлдебіреудің 48 миллион доллар аударғанын анықтайды. Мұндай қомақты қаражат жергілікті құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Себебі мемлекетке кірерде Тұрсынбаев бар болғаны 41 мың долларының бар екендігін айтқан.

Сот ісінде басты айыптаушы Шекара қызметінің агенттігі болды, ол Рүстем Тұрсынбаевқа қатысты бірқатар шектеулердің енгізілуіне қол жеткізген. «Қазатомпромның» бұрынғы вице-президентіне дәрігерлер мен заңгерлерден басқа ешкімді кіргізбейді. Канада билігі сонымен қатар үйдің ауласына абайсызда тікұшақ қонып, тұтқынды белгісіз бағытта алып кетпеуі үшін де шаралар қабылдауда. Айыпталушының қаржы ресурстарын ескерсек, ондай жағдайдың орын алуы да әбден мүмкін.

Тұрсынбаевтың үйін тәулік бойы қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бақылауға алған. Бейнебақылау да орнатылған. Айыпталушының үйіндегі барлық телефондар сөндірілген, Шекара қызметі агенттігі бақылау жүргізіп отырған бір ғана аппарат жұмыс істейді. Сондай-ақ Тұрсынбаев өз үйіне шекарашылар мен полицейлерді тәуліктің кез келген уақытында кіргізіп, талап еткен құжаттарының барлығын көрсетуге міндетті.

Айта кетейік, Рүстем Тұрсынбаевтың қорғаушылары болып жатқан оқиғалардың ақылға сыйымсыз екенін және канадалық билік өкілдері оның Қазақстанға экстрадициялануын көздеп отырғанын айтады.