«Қазатомөнеркәсіп» уран өндіру көлемін 2017 жылғы деңгейге жеткізе алмай келеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Kazinform сауалына жолдаған жауапта кейінгі жеті жылда уран өндіру көлемі қалай өзгергені туралы мәлімет ұсынды.
«Қазақстанда уранды негізінен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның кәсіпорындары ұңғыма арқылы шаю тәсілімен алады. Кестеде 2017-2023 жылдары алынған уран көлемі көрсетілген», - деп жазады кәсіпорын мамандары.
Аталған кестеден 2017 жылы кәсіпорын 23,4 мың тоннаға жуық уран өндірсе, 2023 жылы 21 мың тоннаға жуық уран алғанын көруге болады.
Жыл | 2017 | 2018 | 2019 | 2020 | 2021 | 2022 | 2023 |
Өндіру көлемі, тонна | 23390,6 | 21699,4 | 22761,1 | 19586,6 | 21834,1 | 21278,9 | 20996,0 |
«Қазақстанда уран өндірумен «Қазатомөнеркәсіптен» бөлек «Фирма Балауса» ЖШС айналысады. Олар уранды Қызылорда облысындағы уран-ванадий кенішінен алады. Мұндағы уран ілеспе өнім екенін айту керек. Ал «ТЭК Беркут» ЖШС Алматы облысындағы уран-көмір кенішін игеріп жатыр. Мұнда да уран ілеспе өнім», - деп жазылған жауапта.