Қазатомөнеркәсіп уран сатуға қатысты екі ірі мәміле жасамақ

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында табиғи уранды сатуға қатысты екі ірі мәміле және компанияның директорлар кеңесінің құрамын өзгерту мәселесі қаралады.

Фото: Қазатомөнеркәсіп

Мәмілелердің бірін Қазатомөнеркәсіп қытайлық State Nuclear Uranium Resource Development Company Limited (SNURDC) компаниясымен жасамақ. Келісім табиғи уран концентратын U3O8 түрінде Қытайдағы Алашанькоу теміржол станциясына жеткізуді көздейді.

SNURDC — State Power Investment Corporation Limited (SPIC) компаниясының еншілес ұйымы. Ол SPIC үшін уран мен жылу бөлетін жинақтар жеткізуге жауап береді. Сондай-ақ компания Қытайдың табиғи уран концентратын импорттауға арналған мемлекеттік лицензиясына ие.

Қазатомөнеркәсіптің хабарлауынша, қазақстандық компанияның коммерциялық ұсынысын SNURDC қабылдаған. Осыдан кейін тараптар уран концентратын споттық сатып алу-сату шартының жобасын келіскен.

Бұл ретте жеткізу көлемі, мерзімі мен мәміле бағасы жарияланбайды. Қазатомөнеркәсіп бұл ақпараттың құпия болып саналатынын және коммерциялық құпияға жататынын түсіндірді. Компанияның мәліметінше, мәміле параметрлері нарықтық жағдайға және уран нарығындағы қазіргі үрдістерге сәйкес келеді.

Екінші ірі мәміле табиғи уранды U3O8 түрінде «Ураниум Уан Груп» АҚ-на сатуды және оны Ресейдегі «Сібір химия комбинаты» АҚ-ға жеткізуді көздейді.

«Ураниум Уан Груп» «Росатом» мемлекеттік корпорациясының басқару жүйесіне кіреді және ресейлік корпорацияның шетелдегі уран өндіру активтерінің ірі операторларының бірі саналады. Компания сондай-ақ Қазатомөнеркәсіптің бірлескен кәсіпорындарының қатысушысы әрі акционері болып есептеледі.

Тараптар уран жеткізу туралы келісімшарт жобасын келіскен. Қытайлық компаниямен жасалатын мәміле секілді, мұнда да баға, жеткізу көлемі мен мерзімі коммерциялық ақпараттың құпиялылығына байланысты жарияланбайды. Қазатомөнеркәсіп мәміле параметрлері нарықтық жағдайға сәйкес келетінін атап өтті.

Қазатомөнеркәсіп директорлар кеңесіндегі «Самұрық-Қазына» өкілін ауыстыруды ұсынды

Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының күн тәртібіндегі тағы бір мәселе — Қазатомөнеркәсіп директорлар кеңесінің құрамын өзгерту.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Самұрық-Қазына» АҚ мүддесін білдіретін Елжас Отыншиевтың «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты оның компания директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қажеттілігі туындаған.

Компанияның ірі акционері «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бастамасымен жиналыс қарауына Отынышевтың директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі шығарылды.

Оның орнына қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ-да стратегия және активтерді басқару жөніндегі бірлескен басқарушы директор қызметін атқаратын Жандос Қайыргелді ұсынылып отыр.

Осы үш мәселенің барлығы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында қаралады.

Еске салайық, бұған дейін Қазатомөнеркәсіп Ақдала уранын игеру мерзімін 2030 жылға дейін ұзартатынын хабарлағанбыз.