ҚазАТУ-да саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып құран оқытылып, ас берілді
"Кеңес одағының құрамында болған республикалардың ішінде дәл қазақтай қуғын көрген, қазақтай азап шеккен бірде бір ұлт жоқ. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы жазықсыз ату жазасына кесілді. Тәуелсіздік алғалы тарих қайта парақталып, сол заманға саяси баға берілуде. Арыстардың аяулы есімдері ақталып, ардақтала бастады", - деп атап өтті "С. Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университеті" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіров.
Оның айтуынша, биыл Алаш арысы Сәке Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына байланысты оқу ордасында көптеген іс-шаралар өтуде. Айта кетейік, шара барысында С. Сейфуллиннің өміріне арнап жазылған "Жолайырық" драмасының тұсауы кесілді. Қойылымның авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев бұл туындысын университеттің "Ақ желкен" студенттер театрына арнайы жазыпты. Қойылымнан кейін қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналып құран оқылып, ас берілді.