«Қазавиақұтқару» басшысын қамауда ұстау мерзімі созылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сот «Қазавиақұтқару» АҚ-ның бас директоры Мәлік Досымбековты қамауда ұстау мерзімін бір айға созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, санкцияны №2 Медеу аудандық соты берген. М.Досымбековке қамауда ұстау мерзімі 2017 жылдың 13 қазанына дейін ұзартылды. Онымен бірге ҚР АШМ «Қазавиаорманқорғау» АҚ-ның бірінші басшысы Төлеуғазы Сексенбаев та тұтқынға алынған болатын. Бұл тұлғаларға қатысты ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігімен пара алды деген айып тағылып отыр.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросынан мәлім еткендей, үстіміздегі жылдың 13 шілдесі күні «Қазавиақұтқару» АҚ директоры М. Досымбеков пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің бас директоры Т. Сексенбаев шетелдік компанияның басшысынан 50 мың доллар пара алып, құны 12 миллион доллар тұратын «МИ-171Е» тікұшағын сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойып жатқан жерінен ұсталды.