«Астана-Щучье автобанындағы көлік кептелісін жою үшін тек қана корейлік тәжірибемен шектелмей, жалпы әлемдік тәжірибеге, Тайвань, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа елдерінің тәжірибесін зерделейміз. Шынымен де биыл жазда көлік кептелісі болды, онымен жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, 2015 жылы бұл жолдан 1 млрд. 143 млн., ал ағымдағы жылдың 6 айында 533 млн. теңге кіріс түсті. Бұл қаржы жолды күтіп ұстау шығындарына жұмсалуда.
Сонымен қатар ол Астана-Павлодар автобаны құрылысының тоқтап тұруына қатысты да пікір білдірді.
«Иә, құрылтайшылар арасында дау бар. Бұл дау сот тәртібімен шешілуде. «ҚазАвтоЖол» ұлттық оператор ретінде жол құрылысы кестесінде іркілістің болмауы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз», - деді Е.Төреқұлов.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда «Астана-Павлодар-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолы учаскесі құрылысының бас мердігері, «Автодорсервис» ЖШС құрылтайшыларының бірі Виталий Процентов компания құрылтайшылары арасындағы дау салдарынан құрылыс жұмысының тоқтап тұрғанын айтқан еді.