Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін компания Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен, «Қазгидрометпен» және басқа да тиісті ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді.
Қозғалысты уақытша шектеу туралы шешім ауа райы болжамы мен жолдағы нақты жағдайға қарай қабылданады. Негізгі мақсат — боран, көктайғақ және өзге де қауіпті құбылыстар кезінде жол-көлік оқиғаларына жол бермеу.
2025–2026 жылдардағы қысқы маусымда республикалық автомобиль жолдарында қозғалысқа 2 022 рет шектеу қойылған. Ал 2026–2027 жылдардағы қысқы маусым басталғалы, 10 қарашадағы жағдай бойынша, мұндай 52 шешім қабылданған.
— Жол қозғалысын уақытша шектеу — ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған алдын алу шарасы. Ауа райы жақсарғаннан кейін жол қызметтері қауіпсіз қозғалысты мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін қажетті шараларды атқарады, — деді Дархан Иманашев.
Жүргізушілерге сапар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жай-күйін тексеріп, қозғалысқа қойылған шектеулерді ескеру ұсынылады.
Бұған дейін республикалық маңызы бар жолдар бойында 26 жаңа қызмет көрсету орны ашылғаны туралы жаздық.